Бүгін мектебіміздің кітапханасына балабақшаның бітіруші бүлдіршіндері қонаққа келді. Болашақ оқушылар үшін бұл ерекше әрі қызықты кездесу болды. Кітапхана қызметкерлері кішкентай қонақтарды жылы қарсы алып, кітапхана әлемімен таныстырды.
Экскурсия барысында бүлдіршіндер әртүрлі ертегілер мен балаларға арналған қызықты кітаптармен танысып, кітап сөрелерін тамашалады. Сонымен қатар, оларға кітап оқу арқылы білім алып, қиял-ойларын дамытуға болатыны айтылды.
Бұл кездесу болашақ оқушылардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырып, мектеп өміріне деген алғашқы қадамдарының бірі болды. Осындай танымдық шаралар балалардың білімге деген қызығушылығын оятып, кітаппен достасуына ықпал етеді.